Алла сүйген құлын сынайды немесе қиыншылыққа сабыр ету Бүгінде адамның қиыншылыққа сабыр етуі немесе Алланың берген емтиханын, сынағын көтере білуіне қатысты қойылған сауалдарды жиі естиміз. Жалпы көп адамдар ойлайды: «Мен намаз оқыдым. Алла Құдай маған сол намаз оқығандығым үшін төбемнен төге салу керек» деп. Сондай ойменен намаз оқиды, бірақ намаз оқығаннан кейін жағдайы нашарлайды. Мысалы дүкені болса, сол дүкенінің саудасы жүрмей қалады. Сүр бойдақ жігіт болса, біраз уақытқа дейін сол күйі үйлене алмай қалады. Жұмысқа тұрса, онда да жұмысы жүрмей, жолы болмайды дегендей. Сөйтеді де өзіне былай дейді: «Мен қай жерден қалыс кеттім? Намазымды оқып жатырмын, оразамды тұтып жатырмын, бірақ ісім жүріспей тұр. Қанша рет тырысып түнгі намаздар оқуға әрекет жасаймын. Бірақ әйтеуір бір нәрселер істерімде кедергі болады» дейді. Ал кейбіреулер осы сұрақтың жанына басқаша бір сауал не сылтау айтады: «Енді мүлде намаз оқымаймыз, десе де ораза тұтуым болар. Мүмкін жұма намазына барармын, тіптен ол да болмағанның өзінде мен Алла құдайға сенемін. Бірақ осы соңғы кездері өмірім қиындап кеткен сияқты. Басыма түскен ауыртпалықтарды кейде көтере алмай тым ашуланып кетемін» дейді. Құран кәрімде Алла Тағала бұған былай деп жауап айтады: «Сіздер иманға келе салып, яғни иман сөздерін айтып – «Лә Иляха Иллалла Мухаммадан Расулалла», яғни Алладан басқа құдай жоқ, Мұхаммед оның елшісі деп бірден жәннатқа кете бересіздер ме? Әуелгілерді біз сынағандай сіздерді де сынаймыз» дейді. Осы мағынадағы Құранда бірнеше аяттар бар. Яғни мына өмірге Алла Тағала адамды алып келген соң оның шын беріктігін, Құдайға деген иманының мықтылығын сынамай қоймайды екен. Ал Пайғамбарымыздан (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) келген хадистердің тәліміне назар салатын болсақ, Алла Тағала өзінің сүйген пендесін көбірек сынайтын көрінеді. Себебі көбірек атымды айтса екен, неғұрлым көбірек мені еске түсірсе екен дейді екен. Сол үшін көбірек сынақ береді. Сол үшін болу керек, кейбір соляф солихтарымыз, яғни дүниеден өткен ұлықтарымыздың бірі былай дейді: «Егер өмірің тыныш, байлықпен, бақуалықпен, еш қам-қайғысыз өтіп жатса, онда иманыңа назар сал. Мүмкін бір жерде қателік бар». Яғни сіз бәлки намаз оқып, ораза тұтқаныңыз үшін қиналсаңыз, сіздің иманыңыздағы нәрседен емес ол, бәлки сіздің өміріңіз тыныш боп кетсе, міне сол кезде сіздің иманыңызда қандай да бір сызат бар болуы мүмкін. Өйткені, Алла Тағала қиыншылыққа жарамайтын затын сынамайды ғой. Өзіңіз де ойлаңызшы, қолыңызда бір шыны ыдыс және бір темір ыдыс болсын. Сол екеуін қалай қолданған болар едіңіз? Әрине, шыны ыдысты өте нәзік қолданасыз, және оның мықтылығына сенбегендіктен, көп іске қолдана бермейсіз. Ол жылтырап қана бір шетте тұра береді. Темір немесе бір қатты заттан жасалған ыдыс болса, қалағаныңызша жұмсайсыз. Бұл енді жай мысал ғой. Алланың мысалы одан да үлкен. Алла Тағала өзінің пенделеріне осылай қарайды. Сынағын көтере алатын, Аллаға деген махаббаты шынайы болған адамды сынайды. Махаббаты әлі терең болмаған, Құдайға деген сенімі нық тұрмаған адамға Алла Тағала сын жүктемейді. Бұл әңгіменің бір жағы десеңіз, әңгіменің екінші жағы және бар. жалғасы: http://www.tamshy.kz/?p=2344

Теги других блогов: намаз иман Алла